ТӨЛЕБИ АУДАНЫ - БАСТАПҚЫ КЕЛБЕТІН САҚТАП ҚАЛҒАН ЖЕР

Құрметпен, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды

Алғы сөз

Құрметті Төлебиліктер!
Көпшілік бір ғұламадан "Рухани бай адамды қалай тануға болады?" деп сұрапты. Сонда ғұлама: " Рухани байлық - адамның жүрген жерінде пайда болатын ізгілік, ерекше қуат" деген екен. Сол сөзге сүйенгеніміздей Сіздердің аймақ айрықша ажарымен, қайнаған тіршілік базарымен, берекелі тіршілігімен танымал мекен. Көркем табиғатта көркем ниеттілер ғана дүниеге келер. Ертеден айбарлы болған Еренқабырға тау бөктерінің етегіндегі елдің рухы мықты, санасы сергек болмауы мүмкін емес. Алаш баласы тәу етер талай тарихи, мәдени орны бар Төлеби жерінің мыңдаған жылдарды қамтитын шежіресі бар. Қасиетті һәм ғибратты аймақтың өнегесі әрқашан кейінгіге аманаттала береді. Сіздердің басты мақтаныш, мерейлеріңіз осы. Рухани жаңғыру аясында болмысын түгендеген жұрт сіздердей болсын. Ауданның, одан алдыңғы киелі жердің тарихы, өткені бәрі де қағазда қаттаулы, мұрада сақтаулы. Сіздердің қуаныштарыңызға біз де ортақпыз.
Елдіктің мерейтойын жасау—көрегенділіктің белгісі. Төлеби ауданының құрылғанына 90 жыл толыпты. Әуелден тарихи мекен болған, бергі шежіресінің өзі күмбірлеп естілер ауданның мақтанышы баршаға үлгі болсын. Осы жылдарда жүзеге асқан ғибратты істер бұдан кейін де жарасымды жалғаса берсін. Заманның өркениет көшіне ілескен төлебиліктердің алдағы уақытта да биіктерді бағындыратынына сенемін. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласында еңбегі сіңген майталмандарыңыз жас өскінге үлгі бола берсін. Ардақты ата-әжелер, аяулы аналар, аға-іні, қарындас, бауырлар! Баршаңызға 90 жылдық елеулі той құтты болып, отбасыларыңызға ырыс, береке сыйласын. Татулық пен еңбекқорлықтың үлгісі жасай берсін. Тойларыңыз тойға ұлассын!

Құрметпен, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды

ЫРЫСТЫ ЕЛГЕ БАҚ ҚОНАР

Құрметті аудан тұрғындары!
Туған өлкенің әрбір жотасы мен сайы, тауы мен өзені сонау замандардан сыр шертеді. Талай аңыздар да, жер атауының төркіні де шежіремізде қатталған. Оңтүстік өңірімізде де Ұлы дала төсіндегі небір тарихи-әлеуметтік оқиғаларға толы, көшпелі өмір салтының куәсі болған.
Асқақ Алатау баурайындағы қазіргі Төлеби ауданының жері де алай-дүлей замандар сынына төтеп беріп, жанкешті дәуірді бастан кешті. Тәуелсіздік алғалы да 3 онжылдық артта қалды. Елімізде дербес саяси және әлеуметтік кеңістік қалыптасты. Нарықтық қатынас тұрмысымызға еніп, әлеуметтік қауымдастықпен жаңаша қатынас үрдісі басталды. Қазіргі кезең жаңа Қазақстан елін құру жолында аса маңызды болып тұр. Бастысы, бізде жасампаз тарихи сана қалыптасты. Төлеби ауданы да мемлекетіміздің мерей өсірер өлкелерінің бірі. Топырағы құнарлы, әрбір күні арайлы, түрлі ұлыс өкілдері тату тұрмыс кешетін мекен. Ауданның 1932 жылы шаңырақ көтеріп, ауыл шаруашылығының үлгілі кешені құрылып, ірі өндіріс орындары бой көтерді. Тәуелсіздік бағдары негізінде экономикасы мен мәдениеті қатар алға жылжыды. Тұрғындарының еңбекқорлығының арқасында кіріс көздері еселеніп, аймақта алдыңғы қатарда болды. Осының бәрі ізгі істер ретінде ел игілігіне айналды.
Төлеби жері десе алдымен "аузымен құс тістеп"," аспандағы аққуға үн қосқан" жыраулар мен ақындар еске түседі. Имандылық нұрын сепкен әулие, емші тұлғалар санамызда жаңғырады. Қазақ өнеріне зор үлес қосқан Қазанғап Байболұлы мен суретшілігімен таң қалдырған Бексейіт Түлкиев осы аймақтың тумасы. Олар бүгінде қазақтың асқақ абыройына айналды. Демек, қасиет пен кие қонған аймақ үнемі мерейімізді үстем етпек. Аудандағы жүйелі жұмыстың нәтижесі мен табанды еңбектің өнегесін естіп, біліп жатамыз. Осылай болуы қай жағынан алсақ та мақтаныш.
Төлебиліктерді 90 жылдық торқалы тойымен шын көңілден құттықтаймын! Аудандарыңыз ажарланып, әлеуметтің әлеуеті арта берсін. Отбасыларыңызға баянды бақыт, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Туған жердің көркеюіне үлес қосып, биіктерден көрініңіздер. Ырыс, берекелеріңіз арта берсін!