ТӨЛЕБИ АУДАНЫ - БАСТАПҚЫ КЕЛБЕТІН САҚТАП ҚАЛҒАН ЖЕР
БАЙБОЛОВ Қазанғап

1891 Ұзын- арық ауылында туған. Халық ақыны. Сайрам мен Шымкент медресесінде білім алған, жәдиттік бағытта бала оқытып, ұстаздық еткен. Жасынан ел ақындарын тыңдап, ауыз әдебиет үлгілерін бойына сіңіріп өскен. Ақындық суырып салма өнеріне жетілу барысында жыршылық жолына түсіп, қисса-дастандарды жатқа айтқан. 1934 жылы халық ақыны ретінде Қазақстан Жазушыларының тұңғыш съезіне қатысқан. Осы жылдардан бастап баспасөз бетінде Қазанғап өлендері жиі басылып тұрған. Өзі «Еңсегей бойлы Ер Есім, «Төле бидің тарихы», «Өкірек най- ман туралы» деп аталатын тарихи жыр- лары мен «Сайыпжамал сұлу», «ШеризатКүлшат» тәрізді махаббат дастандарын жырлап, ел ішіне кеңінен насихаттаған. 1943 жылы Алматыда өткен ақындар айтысында Нартай Бекежановпен ақындық өнер жарыстырған өлең жолдары «Айтыс» жинағының 3 томында (1996) басылым көрді. Қазанғап ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, Қазақстан ҒА-на тапсырған. Ақынның толғау өлендері «Халық ақындары» (1953), «Пернедегі термелер» (1965), т.б. атпен жарық көрген.Қазанғап жалпы өз өмірінде көлемді 8 шығарма жазған. Оның бәрін дерлік уақытында тиісті орындарға қолжазба күйінде тапсырып отырған. Атап айтсақ: «Орта жүз Дауанасбай Өкірік Найман» дастанын 1934 жылы, «Египет ханы Абдулланың қызы Сайыпжамал» дастанын 1934 жылы, «Шеризат Күлшат» дастанын 1938 жылы, «Төрт дәруіш» дастанын 1939 жылы, «Орқа-Күлше» дастанын 1939 жылы, «Төле бидің тарихы» дастанын 1941 жылы, «Еңсегей бойлы ер Есім» дастанын 1941 жылы, ал «Қарсыбай батыр» дастанын 1943 жылы ғылыми орталық кітапхана қорына тапсырған. Ақын 1945 жылы дүниеден өткен.

БИБОЛАТҰЛЫ Бекасыл

1822 жылы Төлеби ауданы, Кеңесарық (бұрынғы Қарасора) ауылында туған. 1915 жылы қайтыс болған. Ол 9 жасында қазіргі Сайрам ауданының Қарамұрт ауылындағы Қарамолланың медресесінде оқып, оқуда үздік болғаны үшін кәлпе (Ханифа) атанады, яғни ұстазы жоқта орнына дәріс беруге құқылы болады. Бекасыл Биболатұлы 17 жасында Бұқарадағы Мир-Араб оқу орнына түсіп, оны тамамдайды. Құран Кәрімді жатқа біліп қана қоймай, ана тіліне аударма жасағаны үшін хафиз атанған. Ол 1845 жылы туған ауылына оралып, медресе ашады. Одан білім алған шәкірттерінің бірі - Қазақстанның халық ақыны, көрші Ұзынарық ауылының тумасы, атақты тарихшы-ақын Қазанғап Байболұлы болды. Бекасыл ұстаздық етумен қатар Орта Азияның мәшһүр ғалымы Абу Әли-Ибн- Синаның емдік тақырыбына жазған «Медицина канондары» еңбегін қазақ тіліне аударған деген деректер де бар. «Атақты жұлдызшы Бекасыл әулие - Адам (ғ.с.) Ата-Хауа Анадан бермен қарайғы тіршілік зандылықтарын, әлем жаратылысын, тылсым табиғатты, Алланың атымен аталатын баян-хикаяттарды, тарихи шежірелерді терең білген, ілімбілімді игерген, жұлдыздар сырын таныған, дұғалар құпиясын меңгерген, қасиет дарыған ғұлама, сәуегей әрі көріпкел, жұлдызшы, әрі шипагер. Қара суды теріс ағызған, жаңбыр жаудырған, қар боратқан, дауыл іұрғызған...», - деп дәріптейді белгілі ғалым, филология ғылымының докторы Мырзатай Жолдасбеков ғұламаның «Жұлдызнама» кітабына жазған алғы сөзінде. Бекасыл атақты «Жұлдызнама» атты тарихи-танымдық еңбектің авторы. Оның бұл еңбегі ұрпақтарға аманат еткен рухани құндылықтарға толы асыл қазына.