ТӨЛЕБИ АУДАНЫ - БАСТАПҚЫ КЕЛБЕТІН САҚТАП ҚАЛҒАН ЖЕР
БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ

Білім мен ғылым кез келген мемлекеттің даму, өркендеу көрсеткіші болғандықтан, Тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастап білім, ғылым саласын әлемдік өркениет талаптарына сай сапалық жағынан жақсарту мақсатын көздеудеміз. Осы талап биігінен көріну мақсатында ауданымызда 53 жалпы орта білім беру мекемесі, 7 негізгі орта мектеп, 6 бастауыш мектебі,2 жауапкершілігі шектеулі серіктестік мектептері, 5 мектептен тыс қосымша білім беру мекемесі, 2 кешкі мектеп сапалы білім мен саналы ұрпақ тәрбиесі жолында қызмет етіп келеді.
Қазақ хандығы құрылғалы елінің тұтастығы мен болашағын көксеген ел билеуші хандар мен сұлтандар, батырлар мен баһадүрлер, абыздар мен жараулар, ғалымдар мен ағартушыларымыздың сан ғасырлық армандары орындалып, шекарасы бекіген, тарихы жаңғырған, Тәуелсіз ел атандық. Осы тарихтың жазылуында өшпес еңбегі бар, әділдіктің қара қылын қақ жарған қазақ хандығы тұсындағы үш бидің бірі Төле бабамыздың атымен ауданымыз аталғалы 90 жыл толып отыр. Ел үшін бір шөкім топырағы мен бір жұтым суы да киелі, қастерлі саналатын елді-мекендер мен жер-сулардың атауы да қайта жаңғырып, білім мен тәрбие мазмұнына да өзгерістер енді.
Білім жүйесі жаңартылып, түрлі реформаларды бастан кешіріп, нарықтық экономикаға бейімделді, нәтижесінде, мүлде өз алдына білім ошағы болмаған 11 елді-мекенге зор мақтанышпен айта алатын жаңа білім мекемелері салынса, мектеп жасындағы балалар саны өскен 16 елді-мекен мектептеріне қосымша ғимараттар соғылды, «Рухани жаңғыру» аясында 26 мектептің атауы қайта өзгертілді, 15 ескі, тозығы жеткен мектептердің орнына қазіргі білім талаптарына жауап беретін заманауи мектептер тұрғызылды, сонымен қатар ауданымыздағы 20 мектеп толық күрделі жөндеуден өткізілді.
Мемлекетіміздің «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында ауданымызда №7 ІТ лицейі бой көтеріп, №4 Қ.Сәтбаев атындағы жалпы орта мектебі апатты деп танылып, қайта салынды.
2022 жылы 3 жаңа мектептің (Қайнар жом, №1 мектеп-гимназия, Ақбастау жом) пайдалануға беріліп, 2 мектептің (Ұйымшыл жом, №6 жом) құрылысының аяқталғаны, 3 мектептің ( Шомшақты жом, Тағайна жом, аудандық оқушылар үйі) құрылысы басталғандығы білім саласының заманауи көштен қалмай, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиесін көздеген оқу мен тәрбие үдерісінің орны ерекше екенін дәлелдеп отырғандай. Осы уақытқа дейін аудандағы 6 мектеп қана көгілдір отынмен жылытылған болса, бүгінгі таңда олардың санының 50-ге жеткенін мақтан ете аламыз.
Осындай ауқымды өзгерістер мектепке дейінгі тәрбиені де шет қалдырмай, аудан бойынша сақталып қалған 8 балабақша жаңартылып, 17 мемлекеттік, 29 жауапкершілігі шектеулі серіктестік есебінен балабақшалар бой көтеріп, қолданысқа берілді. Заманауи балабақшаларда балғын балалар тәрбиеленіп қана қоймай, білім әлеміне алғашқы қадам басуда.
Білім беру мекемелері инновациялық дамудың жан-жақты тетіктерін игерумен қатар цифрландыру жүйесін қарқынды қолға алып, мектептердің материалдық-техникалық базасы арттыруда - робототехника, ұл мен қыздардың еңбек шеберханалары, лингафон кабинеттерімен, талапқа сәйкес бейнебақылау камераларымен көптеп жабдықталуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемемұлы Тоқаев өз Жолдауында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру жөнінде тапсырма берді. Жоба аясында 2025 жылға дейін 800 мыңнан астам оқушы орнын ашу көзделген. Төлеби ауданының 90 жылдық мерейтойы аясында тосын сый болып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Бірінші Мамыр елді мекенінде 1500 орындық, Достық ауылында 900 орындық, Көксәйек елдімекенінде 600 орындық, Қосағаш ауылында 300 орындық жаңа мектептердің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Ленгір қаласындағы «Алатау» мөлтекауданында 1500 орындық жаңа үлгідегі мектептің құрылысын қолға алу мәселесі қарастырылуда.

МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ САЛАСЫ

Төлеби ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің негізгі бағыттары мен міндеттері:
Ұлттық рухани құндылықтарды сақтау, оны жүзеге асыру. Халыққа мәдени, спорттық қызмет көрсету және оны әрі қарай терең дамыту, мәдени қызмет жұмыстарының сапасын жақсарту, мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастыру. Кәсіби және әуесқой ұжымдардың шығармашылығын дамыту. Кітаптың мемлекеттік алтын қорын сақтау, кітапханаларды көркем әдебиет шығармаларымен және жас ұрпақтарды тәрбиелеуге арналған оқу құралдарымен жабдықтау.
Мәдениет пен өнер – қоғам дамуының негізгі қажетті саласы. Мәдениеті мен өнері өркендеген қоғам әр уақытта ілгерілеп, дамиды. Дүрбелең өмірдің әрқилы көрінісін – бірде әуелеген әнімен, бой тұндырар жырымен, ұршықтай үйірілген биімен түсіндіретін дәл осы өнер иелері.
Текті Төлебидің өңірі - ел абыройын асқақтатып, өнердің биік тұғырында жүрген азаматтар мен азаматшаларға кенде емес. Халықаралық және әлемдік деңгейде танылған ауданымыздан шыққан өнер қайраткерлерінің ізін жалғастыру және олардың өнерлерін насихаттау, жастардың өнер әлеміне жол ашу мақсатында аудан мәдениет ошақтарында түрлі жанрдағы 107 үйірме жұмыс ақтаруда, оларға қатысушы өнерпаздар саны 1000 – нан астам. Қазіргі таңда ауданның мәдениет мен өнерін кеңінен дамыту, ауылдық жерлердегі өнерпаздарды киелі сахнаға баулу мақсатында 18 мәдениет ошағы, 5 «Халықтық» атағы бар өнер ұжымы, қазақ фольклорын дамытуға үлес қосып жүрген 3 әжелер үйірмесі сонымен бірге, 31 кітапхана, 4 саябақ, 7 аллея, 24 скверлер, 1 Тілдерді оқыту және дамыту орталығы және 6 ұлттық этно мәдени (Славян,Өзбек, Күрді, Түрік, Неміс, Кәріс) орталықтары жұмыс жасауда. Биылғы жылы Төлеби ауданының 90 жылдығы және балалар жылына орай 13 аудандық 1 облыстық байқау ұйымдастырып, жоғары дәрежеде өткізілді.
Балалар мен жастар және ересектер арасында аудан көлемінде «Төлебидің ғажайып өрнектері» атты облыстық және «Жастар дауысы-2022», «Тұран даласының терме - толғаулары», «Сырлы жеңге, сұлу қыз», «Төлеби аруы», «Менің елім–Мәңгілік ел!», «Бұраң бел», «Ұлы Жеңіс- ұранымыз!», «Жігіт сұлтаны», «Үкілі Үміт», «Балбөбек», «Ақсудан ұшқан аққуым», "Балалықтың ғаламшары", , «Ақбота 2022» және т.б аудандық байқаулар жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.
Аудандық байқаудан үздік болып шыққан жас таланттар халықаралық, республикалық, облыстық, аймақтық, аудандық байқаулардан жүлделі орындарды иеленіп, аудан өнерін үлкен сахналарда насихаттауда.
Ауданнан шыққан ақын – жазушылардың мерейтойлары, кездесулер тұрақты өткізіліп, әлемдік деңгейдегі суретшілер көрмесін ұйымдастыру және жастар арасында дәріптеу мақсатында 1 суретшілер үйі, 1 көркемсурет мектебі жұмыс жасауда.
Төлеби ауданының өнері қай кезде де шоқтығы биік. Аудан өнерінің биікке шығуына, үлкен жетістіктерге жетуіне ықпал жасау болса да мәдениет қызметкерлеріне артылған үлкен міндет және сенім. Төлеби ауданынан талай республикалық, халықаралық және әлемдік деңгейде жүрген өнер саңлақтарының ізін басатын жас таланттар, дарындар шығары сөзсіз...
Төлеби ауданы әдебиет, өнер, мәдениет саласындағы танымал тұлғаларын мақтаныш тұтады.